Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы: «Сүлеймен патшаның хикаясын» ортаншы немереммен бірге оқыдым
Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы: «Сүлеймен патшаның хикаясын» ортаншы немереммен бірге оқыдым
Айгүл Кемелбаева: Шəрбану апай, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада тұсауы кесілген «Сара саңлақ» атты антологиялық кітаптың алғысөзін жыр патшайымы Фариза Оңғарсынова жазыпты. «Ойпырым-ай, қыздар да ер адамдармен айтыса алады екен-ау» деп қайран қалып, Сараны бала шағынан пір тұтқан екен. Сізге ерен игі əсері тиген, қалам алуыңызға қозғау салған қандай жазушы?
Шəрбану Қонақбайқызы: Мен қарағаны мен тобылғысы тұтасып бітік өскен адырлы-қыратты тау қойнауындағы шағын қазақ ауылында туып-өстім. Ауылымыз аудан орталығынан жүз шақырымдай жерде еді. Оның есесіне, облыс орталығына анағұрлым жақын болатын. Біздің ауылдың адамдары аудан орталығы – Никитинка селосын «аудан» деп қысқаша айта салатын. «Ауданға бардым», «ауданнан келдім». Бір ғажабы, біздің ауылдың кісілеріне сол «ауданға» бару керек болғанда, оған облыс орталығы арқылы жол тартатын. Жол қатынасы солай орайластырылған. Өскеменді де «қала» деп қысқартып айтатын. Біз де солай айтуға дағдыланғанбыз. Анам қалаға бір барғанында Тахауи Ахтанов деген жазушының «Махаббат мұңы» атты кітабын əкеліп берді. Мен оған дейін кітаптың авторына пəлендей зер салмайтын болуым керек, ондай жазушы барын білмейді екенмін. Жасөспірім кезім болған соң ба, «махаббат» сөзі өзіне тартты білем, бас көтермей оқыдым. Оның алдында Сəбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» оқығанмын. «Махаббат мұңы» қатты əсер етті. Сол уақыттар шамасында анам тағы Жекен Жұмахановтың «Қаракөз қарындасым», Шəрбану Құмарованың «Қыз сыры» деген кітаптарын да əкеліп берген болатын. Осы кітаптарды бір жазда оқығаным есімде. Маған осы үш кітаптың да əсер күші өзгеше болды. Менің бүкіл балаң жандүниемді өзгеріскетүсіргендей. Өзгеше бір əлемді ашқандаймын, қиялыма қанат біткендей. Мен армандауды үйрендім. Бұл шығармалардағы кейіпкерлер «Ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы келтеде» өмір сүргендер емес, қазіргі заман адамдары болуымен қызықтырды. Кітап авторларына зер сала бастадым. Оның үстіне əйел жазушы болатынын мен сонда білдім. Əрі ол жазушы апай өзіммен аттас болып тұрса, оған қалай қызықпайын?!.
Ауылдағы жеті жылдық мектепті бітірген соң мені ата-анам Өскемендегі мектеп-интернатқа орналастырды, оқуымды одан əрі сол арада жалғастырдым. Ол мектептің бай кітапханасы бар болатын. Мен сол жерде кітапханадан үзбей кітап алып оқуды үйрендім. Жоғарыда аталған жазушылардың басқа да еңбектерін тауып алып оқыдым. Шəрбану Құмарова апайдың «Терезелер» атты жаңа жинағы жарық көрді, оны да оқудың сəті түсті.
1969 жылы университетті бітіріп, сол кездегі «Мəдениет жəне тұрмыс», қазіргі «Парасат» журналына жұмысқа орналастым. Міне, мені тағдырдың алқағанын көріңіз, осы журналда өзім кітаптарын оқып өскен
үлкен қаламгерлер Жекен аға Жұмахановпен, Қуандық аға Шаңғытбаевпен, Шəрбану апай Құмаровамен біраз жыл бірге қызмет жасадым. Осы талантты да абзал жүректі жандардың ықылас пейілдерін сезініп, ақыл-кеңестерін тыңдап есейдім. Жетпісінші жылдардың басында «Көкжиек алыстап барады», «Туған үйдің түтіні» атты əңгімелерім журнал бетінде жарияланды. Журнал жарық көргеннен кейінгі редакциядағы талқылауда Жекен аға əңгімеме ризашылығын білдіріп, ерекше тілеулес көңілмен сөйлеп еді. Үлкен үміт күтетінін айтқан. Кейінгі бір жылдары журналда жарияланған «Қамсыздандыру агенті» деген əңгімем Шəрбану апайдың қолынан өтіп еді. «Сізге игі əсері тиген, қолыңызға қалам алуыңызға қозғау салған қандай жазушы?» деген сауалыңызға мен осы ардақты қаламгер ағаларды жəне өзім аттас апамның есімін атар едім.
Айгүл Кемелбаева: Жинақты ақын, ғалым Жанат Əскербекқызымен бірге шығардыңыз. «Белгілі байлауы жоқ, матауы жоқ, Есіл сөз босқа кетті желдей гулеп…» деп құсалы өлеңімен өкінішті өмірін ұрпаққа аманаттаған Сара Тастанбекқызының асыл бейнесін көрдік. Дəуірі басқа болғанда ұсқынсыз Жиенқұл малайға қор болмай, маңдайы жарқырап, дарыны шалқып, айдында жүзген аққудай ерке ақын болып жүрер еді бұл Сара. Қазіргі айтыс ақындарынан мəртебесі артық болар ма еді. Қараңғы елде туып, асыл мұрасы халық зердесімен аман қалғанына тəубе дейміз.
«Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының демеушілігімен қалың оқырманға жол тартыпты. Оқыған соң көкейіме ризашылық түсті. Бұрынғы біз білетін шектеулі шеңбердегі айтыс ақыны Сара емес, тағдырлы, жаны аяулы қас талант екен. Келешекте Біржан-Сара айтысы операдан асып, ақын портреті кинематографияның еншісіне айналарына күмəн жоқ. Кітаптың соған себі тиеріне сенімдімін. Бұған не айтасыз? Тапсырыс болса, көркем фильм сценарийін мен сүйіп жазар едім!
Шəрбану Қонақбайқызы: Сара Тастанбекқызы ерекше тұлға. «Сара саңлақ» кітабына кіріспе ретінде жазылған шағын мақаламызда бұл кітапты шығарудағы мақсатымызға тоқтаған болатынбыз.
«Қағазға жалғыз сөзім түспеген соң,
Ұмытылып қалар Сара құр аңыз боп…» деген ақынның өксікті үні кімнің болса да жүрегін тербері анық. Сараның жинағын шығарудағы басты мақсат – оның өлеңдерімен қалың оқырманды жүздестіру. Сара Тастанбекқызы тек айтыскер ақын ғана емес, тамаша лирикалық жыр шумақтарының да шебері. Сол себепті Сара ақынның өлеңдерін бүгінгі жас буынға жеткізуді ойлаған едік. Жинаққа тек оның өлеңдерін ғана емес, айтыстарын да қамтып, ол туралы зерттеулерді де кіргізуді ойластырдық. Əрі Сараға арналған арнау өлеңдер мен көркем туындылардың басын қосып шығаруды жөн көрдік. Жинақ «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының демеушілігімен 2000 дана болып жарық көрді. Осы кітапты қайта толықтырып, екінші басылымын əзірледік. Мемлекеттік тапсырыспен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан əдебиеттердің бір ерекшелігі, республикадағы барлық кітапханаларға таратылады. Сара Тастанбекқызының өлеңдері осылайша көпшілікке кең тарағаны, кітабы қолжетімді болғаны бізді қатты қуантады.
Сара ақын туралы кино туынды болса дегеніңіз өте орынды. Бір кинофильмге негіз болатын құнарлы материал Сараның өмірбаянында жеткілікті деген ойдамын.
Айгүл Кемелбаева: Сібір билеушісі Көшім ханның кіші əйелі Сүзге ханым туралы хикаят желісі жас ханымның трагедиялық тағдырына негізделген. Бұл тақырып неге қызықтырды? Хикаяттың тарихи дерегі аз сияқтанды. Хикаят астарында жас пен кəрі некесінің қиғаштығы, жастық, сүйіспеншілік бұйрығына қарамастан уыздай жас келіншектің хан абыройына адалдығы, елсүйгіштік, намыс идеялары, түркі əйелінің өр рухы бар. Сүзге образын неліктен таңдап алдыңыз?
Шəрбану Қонақбайқызы: Мен ұзақ жыл «Қазақстан əйелдері» журналында жұмыс жасадым. Осы қызметім менің шығармашылығыма да өзіндік əсерін тигізіп, із қалдырды. Не жазсам да əйелдің тағдырына, əйелдің мүддесіне, əйел жанының қалтарысына терең үңілуге үйрендім. Əйел психологиясын, əйел тағдырын көп зерттеп, зерделедім. Журнал бетінде қыз-келіншектердің ішкі сырларын, өзін толғандыратын нəрселерін бүкпесіз айтуына арнайы бұрыш ашып қоюшы едік. Хаттар ағылып, толассыз келіп жататын. Сол хаттарында құпияларымен бөлісетін. Мөлдіретіп жан сырларын айтатын…
Тəуелсіздік алған жылдары журнал бетінде «Азаттық жолындағы құрбандар» атты тізбекті мақалалар жарияладық. Соған лайық кейіпкерлер іздестірдік. Сондағы тапқан бір қаһарманым – осы Сүзге еді. Сүзге нағыз тарихи тұлға.
Ермак бастаған отарлаушы отрядтың қолына тірі түспеу үшін өзін-өзі мерт етеді. Мұсылман əйелдің кəпірдің уысына түсуінің қандай қорлық екенін бар болмысымен ұғынған ол осындай қадамға барады. Мұхтар аға Мағауин «Аласапыран» романында Ермак содырларының қолына түскен Ай-Шешек бегімнің қандай күйге ұшырағанын көркемдеп жазды емес пе?!
Сүзгенің тарихи тұлға екеніне тағы бір дəлел – сол аласапыран заманның өзінде Сібірдегі озық ойлы орыс өкілдері де ол туралы қалам тербеген. Белгілі ақын П.Ершов «Черноглазая Сузге» атты поэма, композитор Корнилов «Сүзге» деген опера жазған. Карамзин бастаған тарихшы ғалымдар да көп зерттеу еңбектер қалдырған.
Ал мен шағын хикаятта Сүзгенің сондай қадамға барар алдындағы көңіл-күйін, жан тебіренісін көрсетуді мақсат тұттым. Сол себепті де хикаяттың атын «Сүзгенің соңғы күндері» деп атадым.Бұл хикаят əуелі «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Арада көп уақыт өтпей-ақ сол журнал бетінде хикаятқа рецензия жарияланды. Хикаятта үлкен ордадан бөлініп қалған кіші ханымды алып кетуге Көшім ханның інісі Мұхамедқұлдың келгені суреттелетін тұсы бар. Сол кезде Сүзге қатты толқуды басынан өткізеді. Мұхамедқұл түскен жайға кіріп баруға неше оқталады. Бірақ ол жастық арынын, əйелдік сезімін тежеп ұстай алады. Рецензияның авторы жас əдебиетші Тоқтарбек Хамзин осы хикаятты терең түсініп талдайды, «Сүзгенің сондағы психологиясы адамның қос жарылуы еді» деген ойға жетелейді. Автор ретінде осы дəйекке мен де қосыламын.
Менің хикаятымда жас пен кəрі некесінің қиғаштығын көрсетуді мақсат тұтқаным жоқ. Ол еріне ғана опалы жан емес, ол елінің намысын, азаттығын сақтауды мұрат тұтады.
«Сүзге образын неге таңдап алдыңыз?» деген нақты сауалға келсек, адамды аздырмайтын қасиет намыста жатыр деп білемін. «Намысшыл жанда опа бар». Кім-кімді де түрлі абыройсыздықтан, көнбістіктен, ағат қадамнан қорғайтын нəрсе намыс! Жап-жас Сүзгенің намысын таптатпауы оның бойына ата-баба қанымен, ана сүтімен дарыған. Оның үлкен орданың басқа əйелдерінен бір ерекшелігі, өлімі арқылы өзін құлдықтан азат етті. Азаттық жолындағы құрбан.
КЕЙБІР ӘҢГІМЕЛЕРІМДЕ САҒАТТЫҢ БЕЙНЕСІ БАР
Айгүл Кемелбаева: Шəрбану апай, «Мизамшуақ» атты əңгімеңіздің автобиографиялық сарынын, нюанстарын жақсы ұқтым. «Өлең шіркін өсекші, жұртқа жаяр, Тоқтатайын сырымды айта бермей» деп хакім Абай айтпақшы, шығармашылық адамы əрқашан шындықты қастерлейді. Бір демде сүйсіне оқыдым. Жазушы һəм əдебиеттанушы көзімен қарасам да, сынымнан өтті. Кей əңгімелердің көпе-көрінеу жасандылығы көзге ұрып тұрады, сірескен сөзден, негізсіз амбициядан басқасы жоқ. Жазу қонбағандар сөйтпегенде қайтсін. Əңгіме кейіпкері Ақжамал жер ортасынан асқанда өзіне ер-азамат бағалай, құмарта қарайтынын ұққанда қанат біткендей бір серпіледі. «Əйелдік менмендігі, əйелдік сезімтал табиғаты əлі сөнбепті». Сүйікті отағасы дүниеден озып, ұл мен келіннің, балдан тəтті немерелердің тілеуін тілеп жүргенде оның өміріндегі жарқ еткен мизамшуақ бір мезет. Артынша қазақ əйелінің жаратылысындағы тектілігі билеп, көңілге желік бітірген əйелдік болмысын ауыздықтап, ұрпағының тілеуін тілеп, Құдайға жалбарынуы өте нанымды. Əңгімеде қазақ əйелінің дүниетанымы айқын берілген, қазанға ас салар сəті, немерелерін қызықтауы, өткен өмірін ойлауы, мəселен.
Мен Сіздің жүзіңізден қыз балаға тəн бір жастық бейнесін көремін. Ақжамалға кездейсоқ жолығып, көңілін бүкпесіз білдірген академик: «Аураңыз таза екен», – деуі тегін емес. Жазушы əйел үшін осындай жан сезімін, психологиялық құпияларды ашып айту қаншалық маңызды?
Шəрбану Қонақбайқызы: «Мизамшуақ» əңгімесі көңілдің кейбір кездеріндегі құйын сезімді, шалт сілкіністі білдіреді деп ойлаймын. Онда өз жанымның сезіну, суыну сəттері жатса, несі айып. Автор өзі сезінген нəрсесін жазса, сенімдірек шықпай ма?
Айгүл Кемелбаева: Қайсар келетін қазақ əйелінің тағдыры əр əңгімеге арқау. «Жасырақ кезінде жаны үлбіреген гүлден нəзік, тым əсершіл, қиянат көрсе бордай езілгіш» Мағия («Махаббаттың кермек дəмі») ғылым жолында жүрген санасы таяз, сырты жылтыраған күйеуі Керімбек ішімдікке беріліп, сыйымсыз, жанжалқор, жұмыссыз күйге түскелі үш баланың қамын ойлауы заңды: «… қызық думанды жиып қойып, …жанбағыс қамытын мықтап киіп алғандай».
Мағия портреті арқылы қазіргі қазақ қоғамында жиі кездесетін бір құбылысты сипаттапсыз. «Жаным деген жігітті жек көрмеңдер, Өзі сүю қыздардың соры ғана», – деп Ақұштап ақын жырлайтын шындық ашылады. «Бағы басқаға тəуелді əйел жолының қиыны-ай!» («Жұмақыздың құбылысы»). Ер мен əйел дилеммасында, ата-бабамыз «Алтын басты əйелден бақыр басты еркек артық» дейтін танымда қызға тіпті таңдау құқы берілмеуі неліктен?
Шəрбану Қонақбайқызы: «Махаббаттың кермек дəмі», «Жұмақыздың құбылысы» атты əңгімелер өмірде бар адамдардың басынан алынып жазылған. Жоғарыда айтып өттім ғой, «Қазақстан əйелдері» журналында қызмет істеп жүргенде небір шырғалаңға түскен тағдырларға араласуға тура келуші еді. Сондағы таныған кейіпкерлерім ғой. Қыз емес, жігіт сүйгені абзал екеніне Мағия тағдыры дəлел.
Айгүл Кемелбаева: «Жұмақыздың құбылысы», бұл əңгіменің лейтмотиві – «Ерлі-зайыптының арасына қылаудай сызат түспеуі керек. Ал, сызат түссе болды, ол күннен-күнге жігі ажырап ұлғаймаса, қайта бірікпесі анық», «Əйелдің орны еркегінің қасында. Əрі-беріден соң əйелдің міндеті күреп ақша табу емес. Күйеуің асырасын…», – дейді аузы күйген Жұмақыз күйеубаласы екеуі жұмыс бабымен екі бөлек тұрып жатқан қызына. Отбасы институты туралы жалқы ақиқат жалғызілікті болып қалуға бейім əйел тағдырлары арқылы өрнектеледі. Кейіпкерлердің прототипі бар ма?
Шəрбану Қонақбайқызы: «Жұмақыздың құбылысы» – өзі жас кезінде «қызмет-қызмет» деп жүріп, күйеуінен ажырап қалған əйелдің «Менің қателігімді қызым қайталамаса екен» деген жан күйзелісіне құрылған əңгіме ғой. Қызымның отбасы бүтін болса екен деген тілеумен Жұмақыз балдай тəтті немерелерінен де қол үзуге бейім. Өз басы жалғызілікті болудан да қорықпайды. Тек ұрпағының өміріне сызат түспеуін тілейді.
Айгүл Кемелбаева: Шəрбану апай, Құдай қосқан қосағыңыз, қазақ халқына аяулы, асқан зиялы, дегдар азамат Сағат Əшімбаев артына жақсы атын, əдеби мұрасын қалдырды. «Секен екеуінің балаларды ертіп жотаға бір жолы жаяу көтерілгендері есіне түсіп отыр. Əкесі мен үлкен баласы алға озыңқырап кетті… Тағдырдың жазуы-ай! Əкесі мен үлкен баласынан сондағы адасқаны адасқан екен. Содан бері кіші баласы ғой мұны əлі күнге сүйеп, сүйреп келе жатқан…» («Мизамшуақ»). Сағыныш құсадан биік. Сағат ағаның жарқын бейнесі ұлт жадында ұмытылмас үшін не істедіңіз?
Шəрбану Қонақбайқызы: Халқының аяулы перзенті, менің жарым Сағат өмірден өткелі биыл 25 жылдың жүзі болды. Құйрықты жұлдыздай ағып өткен өзінің қысқа ғұмырында (44 жас) ол халқына қалтқысыз қызмет жасады, жақсы атын қалыптастырды, мол əдеби мұрасын қалдырды.Сəкеңнің өзі барда үш кітабы жарық көріп еді. Төртінші кітабын дайындап жүрген. Дайын қолжазбасын баспаға тапсырып үлгере алмай кетті. Ол кітабы өзі қайтқан соң екі жылдан кейін шықты. Артында қалған мұралары содан бері əлденеше рет кітап болып жарық көрді. Райымбек ауданының Жамбыл селосындағы өзі оқыған мектепке Сағаттың есімі берілді. Сол мектептің бір үлкен бөлмесіне мұражай тақілеттес – Сағаттану кабинеті жабдықталған. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған əрбір оқушы бала «Сағат Əшімбаев кім еді?» деген сауалға осы арадан толық жауап алары сөзсіз.
Мектеп алдына шағын бюсті орнатылды. Мектептегі əртүрлі салтанатты іс-шаралар осы ескерткіштің жанында өтіп тұрады. Мектепте жыл сайын Сағат оқулары өткізіледі. Ол кісі жайлы бірнеше телехабар түсірілді. Алматыда Сағат Əшімбаев атында көше бар. Сəкеңнің жарқын бейнесі, əрбір сөзі, қылығы менің жүрегіме берік ұялаған. Жалғыз «Мизамшуақта» ғана емес, «Қарлыған піскен шақ», «Тылсым» əңгімелерінде де бажайлап оқыған кісіге Сəкеңнің бейнесі елес береді…
Айгүл Кемелбаева: Қазіргі заманғы əзірбайжан əдебиетінің көрнекті классигі Анардың драмасын аудардыңыз. «Əлем əдебиеті» журналында бірталай аудармаларыңыз жарық көрді. Автор таңдаудағы қағидаңыз қандай?
Шəрбану Қонақбайқызы: Негізінен аударманы тапсырыс түскен жағдайда жасаймын. Əзірбайжан əдебиетінің көрнекті өкілі Анардың драмасын 1990 жылдары Мəдениет министрлігінің театр бөлімінің ұсынысымен аударған едім. Бастапқыда театрлардың бірінде қойылуы да жоспарланған болатын. Алайда, ол ниеттері жүзеге аспады.
Маған аудармаға тапсырыс көбіне «Əлем əдебиеті» журналынан түседі. Тапсырыстың аты тапсырыс. Автор таңдап жатпаймын. Əрі олардың сапасыз дүние ұсынбайтынын білемін. Оның сыртында, «Мəдени мұра» бағдарламасы негізінде «Əлем əдебиетінің» жүз томдығының аудармасына қатынастым. Латын Америкасы əдебиетінің көрнекті өкілдері бір томға іріктеліп əзірленді. Осы жазушылардың ішінен Жоржи Амадудың романын аудардым. Мен бұл аударманы ерекше құлшыныспен атқардым. Себебі бұл жазушының романының негізінде түсірілген «Құм қойнауының генералдары» («Генералы песчаных карьеров») деген фильмді көріп едім. Сол фильмге арқау болған «Құм жағалаудың капитандары» («Капитаны песка») романын аудару керек екен, ол маған тапсырылғанда, қуана-қуана келістім. Қолым да жүріп, романды белгіленген мерзімге жеткізбей аударып бердім.
«Əлем əдебиетінің» жүз томдығына тағы бір үлкен ықыласпен аударған авторым – неміс жазушысы Вольфганг Борхерт. Бұл бір тағдыры аяулы жазушы екен. Осы автордың соғыстан оралған неміс солдатының трагедиясы туралы драмасы мені қатты толғантты. «Жабық есік алдындағы жалғыз» деп аудардым. Автор соғыстағы алған жарасынан 26 жасында қайтыс болады. Аталған драмасын ауруханада жатып ширыққан ол 6 күнде жазып бітірген екен. Мен осыны алты ай аударған шығармын. Өте күрделі көрінді, əуелі оны түсінуге тырыстым. Ал, əңгімелері сондай нəзік, сыршыл екен. Фашизмге қарсы рух есіп тұрғандай. Оқыған сəтте еріксіз құрмет сезімін тудырады. Жоғарыда аталған драмасы əлемнің көптеген ірі-ірі театрларында қойылған көрінеді. Дəл қазіргі сəтте аудармадан қолым бос.
«ШАЛДЫҢ» ИДЕЯСЫН МӘУЛЕН БЕРГЕНІ РАС…
Айгүл Кемелбаева: Ұлыңыз Мəулен Əшімбаев ел таныған, биліктегі абыройлы азамат. Əке-шеше үлгісімен əдебиет пен өнерге жақындығын қазақ киносында болып жатқан құбылыстарға тіке қатысы барлығы танытады; атап айтқанда, Ермек Тұрсыновтың «Шал» атты фильмінің идеясын Мəулен Сағатханұлы бергені белгілі.
2007 жылы ақын-жазушылармен болған бір басқосуда Мəулен Сағатханұлының: «Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» атты культтық повесінің түпнұсқасынан гөрі орыс тіліндегі аудармасы ұнады», – дегенін өз құлағыммен естігенім бар. Бұл деталь мені қайран қалдырды. Ұққаным, өркениеті мықты елдердің бір критерийі, əдебиет аудармасы оқ бойы озық болады. Сонымен қатар бұлай айту сыншылық қасиет, білімдарлықтың арқасы.
Шəрбану Қонақбайқызы: «Шал» атты фильмнің идеясын Мəулен бергені рас. Ол фильмнің титрында да жазылған. Менің бір білетінім, Сəкең де кезінде Эрнест Хемингуэйді қатты сүйіп, ықыласпен оқушы еді. Балаларға да оқуға кеңес бергені шүбəсіз. Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» хикаясы – адамның өмір үшін күресін, ажалмен айқасын, рухының мықтылығын көрсететін ұлы шығарма. Э.Хемингуэй кейіпкері теңізде акулалармен, дауылмен арпалысып, жанкештілікпен аман қалады. Ал, «Шал» фильмінің кейіпкері қазақтың байтақ даласында табиғаттың тосын мінезіне, қасқырлар шабуылына ұшырайды. Мұнда да жан алып, жан беріскен айқас. Фильмнің негізгі идеясы адамның рух мықтылығын көрсету. Қазақ топырағында оған сəйкес алынғаны – дала мінезі мен қасқырлар шабуылы. Жүрдек көлік мініп, бастарынан бақайшықтарына дейін қаруланған аңшы жігіттердің екеуін қасқыр талап өлтіреді. Үшіншісі аяғын сындырып алып, шалдың басына бейнет болады. Шал өзі қасқырлармен арпалысып жүрсе де оны тастамай сүйреп əуреленеді.
Мен осы фильмді теледидардан неше мəрте көрсетсе де қайталап қараудан жалықпаймын. Жəне қазақша нұсқасын көргенді жаратамын. Маған қарттың сөздері ұнайды. Бəрі табиғи, нанымды, өз бойына шақ. Арагідік осы фильм туралы əртүрлі пікірлерді естуге тура келеді. «Қазақ шалдарының бүгінгі образы осы ма?» дегендей, көңілі толмаған кекесінді рай танытатындар да бар. Қазақтың небір абыз-қариялары туралы жазылған дүниелер аз емес. Ал бұл фильмдегі шал – қарапайым жан. Бірақ оның бойында қажет болған жағдайда, бұлқынып шыға келетін, айқаса кететін тосын күш, рухтың қажыры бар. Сол күш арқылы ол қасқырлармен жағаласып жүріп малын да, жанын да сақтауға тырысады. Фильмнің соңында қаншық қасқыр екеуінің көзбен арбасатын жері бар. Оның көзіндегі тайсалмайтын отты жігерді көрген жыртқыштың өзі тайқып, теріс айналып кетеді… Міне, мықты рухтың көрінісі.
Маған фильмнің аяқталуы ұнайды. Аман қалған бір бөлтірігін ертіп қаншық қасқыр дала төсінде жортып барады. Жетім қозысын қоржынға салып, немересімен Шал да елге қайтады. Байтақ қазақ даласында қасқырға да, малға да өріс кең. Табиғи үндестікте бейбіт тіршілік кешуде. Тек сол гармонияны «Хаммер» мінген үш аңшы жігіт секілділер ғой беймезгіл бұзатын, сөйтіп табиғаттың қаһарына ұшырататын…
Айгүл Кемелбаева: Шəрбану апай, Мажарстанға барған сапарыңызда Архиепископ сарайының əлемге əйгілі кітапханасында өте сирек кездесер көнеліктің жəдігері мол деп жазасыз. Əлемдегі ең үлкен, əрі бай кітап музейі осы елде көрінеді. Үйдегі жеке кітапханаңыз туралы не айтар едіңіз? Қандай əдебиетті жинауға бейімсіз? Немерелеріңіз қандай дəрежеде беріліп кітап оқиды? Мен де екі қызыма кітап оқытудың ерекше тəсілдерін қолданып, кітапқа тартқаным игілік, түбі ақталарына сенемін. Адамшылық-мораль, иман, ұлттық тəрбие тұрғысынан. Балалармен əжесі болып кітапты қосыла оқитын мезеттеріңіз бар ма? Қандай жазушыларды сүйіп, шынайы аңсармен оқисыз?
Шəрбану Қонақбайқызы: Сəкеңнің бай кітапханасы қалды артында. Алматыдағы үйде сақтаулы. Тек белгілі бір бөлігін ауылдағы өзінің аты берілген мектеп кітапханасына бөліп берген едік. Онда да мектеп бағдарламасында оқытылатын қазақ жазушыларының шығармаларын беруді жөн көрдік. Қазір, негізінен, балам өз кітапханасын жабдықтауда. Ол жерде балалар əдебиетінің əлемдік нұсқаларына басымдық берілген.
Менің үйдегі ең сүйікті ісім – немерелеріме сабақ қарату. Біз сабақты бірге қараймыз. Жаттатуды бірге жаттаймыз. Мен немерелеріме қазақ əдебиеті, тарих, география пəндері бойынша үй тапсырмасын жасауға көмектесемін. Ал, математика, ағылшын тілі дегендерге тісім батпайды. Ол əке-шешесінің жұмысы. Əдеби кітапты кейде бірге оқимыз. Өткен жылы ортаншы немерем Алтынаймен «Ақбілек» романын, «Жаяу Мұса» романын, Бауыржан Момышұлының «Өскен ұя» романын, Оралханның бірнеше повесін бірге оқыдық. Шетел əдебиетінен «Сүлеймен патшаның қазынасы» атты романды оқыдық. «Хоббиіңіз не, коллекция жинайсыз ба?» деген екенсің. Кинофильм қарағанды ұнатамын. Бірақ қазіргі көп сериалдарды емес, тарихи фильмдерді ғана қараймын. Коллекция жинамаймын. Азды-көпті осы жауабыма риза бол, айналайын.
Айгүл Кемелбаева: Əңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
«Дарын» Мемлекеттік жастар
сыйлығының лауреаты.
«Ақ желкен», №5
Мамыр, 2016
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
17 январь 2019, Четверг
Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы: Сағат Әшімбаевтың сөз өнеріне деген талабы мен талғамы жоғары еді
26 ноябрь 2016, Суббота
Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы, журналист: Сүйінбике – түркі халықтарының соңғы әйел патшайымы
Пікірлер (0)