ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІНІҢ ЖАН ДҮНИЕСІН АШУҒА ҰМТЫЛДЫМ
– Қаламды серік еткен әрбір қаламгердің сөз өнеріне келу жолы әртүрлі. Сіз әдебиетке қалай келдіңіз, қандай күш жетектеп әкелді. Алғашқы туындыңыз қалай жазылды?
– Мен бала күнімде өзге ұлт өкілдері көбірек қоныстанған Өскеменде өстім. Сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары шаһарда Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектеп-интернаты болды, сонда білім алдым. Біз оқып жүрген кезімізде мектебімізге облысқа келген ақын-жазушылар міндетті түрде бас сұғып, оқушылармен жүздесетін. Солай мен мектеп қабырғасынан қазақтың айтулы қаламгерлерінің есімдерін біліп, ғибратты әңгімелерін тыңдадым. Осы кездесулердің маған әсері көп тиді. Осы жылдары облыстық газетте – Мүсілім Құмарбекұлы, Серік Ғабдоллаұлы, Тоқтарбек Қызықбайұлы, Кеңесхан Зәкенов және Кеңес Юсупов секілді қаламы жүйрік ағаларымыз еңбек етті. Бұл кісілер де алтын ұямызға келіп, кездесулер өткізетін. Соның да ықпалы болар, енді өзім де шағын әңгіме, новелла жаза бастадым. Оны газетте қызмет істейтін жазушы ағаларыма апарып көрсеттім. Мүсілім аға бір әңгімемді қырнап-жонып, алғысөз жазып, басылымға жариялады. Осылай жазғандарым газет бетінде жарық көріп жүрді.
Негізі, маған жазу өнері анамнан дарыған деп ойлаймын. Ол кісі әдебиетке өте жақын еді. Анамды ауылдағы кітапхананың барлық кітабын оқып тауысқан адам деп айтуыма болады. Байырғы көне жырларды, қазақ классиктерінің шығармаларын өте жақсы көретін. Мені кітап оқуға баулыған да анам болды.
Жас күнімде Қазақ мемлекеттік университетінде оқысам деп армандадым. Мектеп бітірер кезде облыстық газеттегі жазушы ағаларым маған журналистика факультетіне бару үшін әдемілеп мінездеме жазып берді. Соны қолыма алып Алматыға келдім. Ақыры, сол азаматтардың шынайы тілеуі болар, ешқандай еңбек өтілінсіз оқуға түстім. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алдымен «Мәдениет және тұрмыс» (Қазіргі «Парасат») журналында он екі жыл, кейін «Қазақстан әйелдері» журналында он сегіз жыл жұмыс істедім.
Алғашқы көңілімнен шыққан әңгімем – «Ақбота» деп аталады. Бұл облыстық газетте жарияланды. Сол кезде аталған басылымда бүгінгі белгілі жазушы Кәдірбек аға Сегізбайұлы тәжірибеден өтіп жүрген студент екен. Бұл әңгіме сол кісіге де ұнапты. Кейін әр жылдары кітабым шыққанда, Кәдірбек аға «Осыған «Ақбота» енді ме?» деп сұрайды. Бірақ бұл шығарма ешқандай жинағыма кірмеді. Балаң дүние деп ойлаймын.
– Жылы шуаққа толы лиризммен жазылған әңгімелеріңізді оқырмандарыңыз ұнатып жатады. Жалпы, осы жанрды өзіңізге лайық көресіз бе?
– Әңгіме жазғанды өзім де жақсы көремін, қаламым жүрдек болып кетеді. Студент кезімде новеллалар жазып, оларым «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланатын. Шығармаларымда қарапайым қазақ әйелінің жан дүниесін ашуға ұмтылдым. Бірақ әңгіме де үнемі жазыла бермейді. Көптен бері жазбай кетіп едім, былтыр «Қазақ әдебиеті» газетіне «Мәңгілік сағыныш» деген әңгімем басылды. Оқырмандар жылы қабылдады.
– Қазақтың көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың асыл жарысыз. Сіздің шығармашылығыңызға ол кісінің әсері тиді ме?
– Сәкең өте білімді азамат еді ғой. Оқымаған, жинамаған кітабы жоқ. Өте кітапқұмар адам болды. Қазір ол кітаптар Алматыдағы үйімізде сақталып тұр. Ол кісі әдебиет теориясын өте жетік білетін сыншы. Бір жағынан, сөз өнеріне деген талабы мен талғамы да жоғары, талапшыл еді. Сәкең барда жазғанымды алдымен сол кісіге оқытып алатынмын. Соның сынынан өткен дүниені ғана басылымға жариялауға ұсындым. Көркем дүниенің бағасын әділ айтатын. Содан кейін ол маған «халтура» шығарманы емес, таза көркем туындыны тануға үйретті. «Кездейсоқ кітапты оқыма, классиканы оқы» деп маған қазақ әдебиетінің ғана емес, шетел жазушыларының озық дүниелерін оқуға кеңес берді. Менің әдеби талғамымның қалыптасуына әсер етті. Ол қазақ қаламгерлерінің арасынан Сайын Мұратбековті, Әбіш Кекілбаевты және Мұхтар Мағауинді жоғары бағалады. Өз басым, Сайын ағаның шығармаларын құмартып оқыдым. Сәкең менің қоғамдық қызметіме ешқашан шектеу қойған емес. «Қазақстан әйелдері» журналында істеп жүргенде жиірек іссапарға шығып жүрдім. Соған түсіністікпен қарады. Менің «Тойға келген келіншек» деген әңгімем оған қатты ұнаушы еді. Мұнда өмірден алынған қарапайым оқиға сөз болады. Алғашқы жинағым осы әңгіменің атымен жарық көрді.
Қазір баспалардан шығып жатқан кітап көп. Бірақ көркем тілмен шынайы жазылған шығарма сирек. Көп дүниелер су татып, адам жанын онша толқытпайды.
БОЗОҚ АРУЫНЫҢ ӘРУАҒЫ КҮШТІ
– Бірде белгілі сыншы Құлбек Ергөбек: «Сыншы Сағат Әшімбаевтың ұлы ақындарымыз – М.Мақатаев, Қ.Мырзалиевтың шығармашылығы туралы сын мақаласын оқырман біржақты сыңаржақ сын деп қабылдамай, дұрыс қарағаны жөн. Сағат аға жалындаған жас кезінде жазған әлгі сыншыл (тіпті міншіл болса да) мақалаларының оның келер күндері құрастырылар жинағынан орын алуы орынды болады деген пікірді сыншы жары – Шәрбану жеңгеміздің құлағына ілеміз!» деп жазыпты. Шындығында, сыншы ағамыз өмірден өткеннен кейін қайта басылған кітаптарында бұл екі мақаланы көзіміз шалмады. Оның себебі бар ма?
– Өзім, Құлбекті қатты сыйлаймын. Сәкеңе шынайы шәкірт бола білген азамат. Және ағасына інілік парызын адал атқарып жүрген осы – Құлбек. Сағаттың барлық мерейтойына қатысып, бірнеше мақала жазды. Оның жоқтап жүрген мақаласы – Мұқағали мен Қадыр туралы жазғаны. Қазір бұл екі материал үйде тұр.
Бүгінге дейін Мұқағали туралы мақаланы кітапқа бермегеніміз – қазір ақынның іздеушілері де, насихаттаушылары да көп. Олардың арасында ақынды шынайы жоқтап жүргендер де, құр дақпырт пен дабыраға ілесіп жүргендер де жетеді. Әдебиетті, оның ішінде поэзияны жанымен түсінгендер шамалы. Сондықтан осындай қара көрсетіп жүргендер көп болғандықтан, мақаланы ешқайда беруге ұмтылмадым. Сәкеңнің мұраларына әділетті пікірін айтып отыратын азаматтың бірі – Нұрлан Оразалинмен ақылдасқанда: «Әзір, мақаланы жарияламай қоя тұр. Шу басылсын. Жаңадан дау тудырып қайтеміз» деген ой қосты.
Қазірге дейін «Мұқағалиды Сағат сынап жазды» деп кек тұтып жүргендер кездеседі. Алайда Құлбек осы мақаланың жарық көргенін қалады. Сәкеңнің үйдегі архивін қарап отырып, оның ақын туралы жазған мақаласының машинкаға басылған екінші нұсқасын тауып алдым. Онда автордың қолымен жазылған күні анық көрсетілген. Содан кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған мақаламен салыстырсам, көп өзгеріс бар екендігін көрдім. Негізінде, мақаланың тақырыбы «Талантты болғаны үшін…» деп аталады. Сағаттың мақаласында Мұқағалидың шығармашылығының жақсы жақтарын ашып, талдаған қырлары мен сын айтқан тұстары бар. Бірақ басылымда отырған азаматтар мақаланың жұртты елеңдетерлік ащылау пікірлерін ғана қалдырып, тақырыбын «Талап пен талғам» деп өзгертіп, аяусыз қысқартып, жариялаған. Сәкең мақаланың басында эпиграф ретінде орыстың үлкен ақыны Евгений Евтушенконың төрт жол өлеңін алыпты. Өлеңнің мағынасында «біз тонналап жер қазғанымызбен, сол топырақтан бір грамм алтын алуымыз мүмкін. Сондықтан сенің жазған өлеңдерінің бәрі саф алтын болуы мүмкін емес» деген ойдың сілемі бар. Бірде осы мақаланың қолжазбасы мен газетке шыққан нұсқасын Әдебиет және өнер институтының директоры, белгілі әдебиетші-ғалым Уәлихан Қалижанға апарып бердім. Ол кісі екі нұсқамен танысып: «Енді бұл мақала туралы артық сөз қозғаудың қажеті жоқ. Автордың қолжазбасынан ақынды құрметтегені көрініп тұр» деген пікірін айтты. Бұл дүниені Мұқағалидың өзі де оқып, жылы қабылдаған.
2017 жылы Сәкеңнің жетпіс жылдығы атап өтілді. Мерейтой қарсаңында министрліктен оның үш томдығын шығаруға рұқсат алдық. Ол кісінің артында 45 дәптерге толы күнделіктері қалды. Үшінші томды осы күнделіктерге арнадық. Сол томға өзі машинкаға бастырып, қолын қойған Мұқағали туралы мақаланың түпнұсқасын енгіздік. Оған кітаптың редакторы түсініктеме берді. Бұл жинаққа алғысөзді Құлбек жазды. Сағаттың жетпіс жылдығы Алматыда тойланды. Енді Астанада көктемге қарай осы үш томдықтың таныстырылымын өткізсек деп жобалап отырмыз.
Ал Қадыр Мырзалиев туралы мақаласы «Лениншіл жас» газетінде «бір кітапқа екі пікір» деген айдармен басылған. Бір пікірді – Рафаэль Ниязбеков ағамыз ақындық леппен мақтап жазса, Сағат өз пікірінде кітапты әдеби талдаған. Үшінші томды дайындағанда бұл мақаланы таппағандықтан, кітапқа кірмей қалды. Танымал сыншы Бақыт Сарбалаұлы: «Сәкеңнің екі мақаласы да өте әділ болатын. Осы дүниелерді қайта жарияласақ, ештеңеден ұтылмаймыз» деп айтқаны бар.
– Атақты сыншы-ғалым Мұхамеджан Қаратаев пен оның зайыбы Мархума апа туралы жазған «Бір махаббаттың баяны» атты повесіңіз бар. Өмірде осы кейіпкеріңізбен байланысыңыз болды ма?
– Мұхамеджан ағадан бастап, біздің отбасымызда сыншыларға құрмет ерекше еді. Ол кісі үйге де келіп, дәм татқан болатын. Бірақ апай сырқаттанып жүргендіктен келе алмады. Мархума апайдың Мұхаң Сібірге айдалып кеткенде артынан іздеп барған ерлігін білуші едім. Кейін ағамыз жасы ұлғайып дүниеден озды. Бірде редакцияға Жәмила деген келіншек келіп: «Мархума апам ауырып жатыр еді. Сонымен бір әңгімелессеңіздер» деп өтініш айтты. Содан ол кісінің үйіне барып, апаймен сұхбаттасып, басынан кешкен қиындықтарды өз аузынан тыңдадым. Кейін апайдың ғибратты ғұмыры жайлы «Ғажайып бақыт жұлдызы» атты сыр-cұхбат жазған едім. Ол «Тағылымды тағдырлар» деген кітабыма кірді.
Кейін тағы да қалам тартып «Бір махаббат баяны» атты повесть жаздым. Бұл шығарма қиналыспен жазылды. Отызыншы жылдары ағайға тағылған айып ауыр. Жазушылар одағында хатшы болып істегенде тұтқындалған адамдардың кінәсін осы кісінің мойнына артуға ұмтылған. Бертінге дейін оны мұқатып мақала жазғандар бар. Сондай қиын жағдайды бастарынан өткізген жандар ғой. Екеуі он бес-он алты жастарында қосылған. Мархума апайдың еске алуы арқылы қоғам қайшылықтарын ашуға тырыстым. Жақсы дүние жазылды-ау деп ойлаймын. Мұхаңдармен замандас айтулы ғалым Серік Қирабаев туындыны оқып шығып, мақала жазып, «Қазақ» газетіне жариялады. Серік ағаға қатты риза болдым.
– Былтыр «Жұлдыз» журналының 10-11-ші саны мен «Простор» журналының 10-шы нөмірінде «Бозоқ аруы» атты хикаятыңыз жарық көрді. Бас қаланың іргесіндегі ежелгі шаһардан табылған арудың бейнесін көркем шығармаға қалай айналдырдыңыз?
– Мен бұл хикаятқа ұзақ толғаныспен келдім. 2009 жылы наурызда «Инфо-Цес» газетінде «Древние тайны Тайтобе» атты сұхбат жарияланды. Біз елордаға Алматыдан алғашқы лекпен көшіп келген адамдармыз. Сондықтан бұл жердің тарихы бізге жұмбақ. Ақмола – бас шаһар болған кезде Елбасының астананың төңірегін зерттеу жөнінде тапсырмасы болады. Бұл міндет тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог Кемел Ақышевқа жүктеледі. Ғалым Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті жанынан экспедиция ұйымдастырып, соған өзі жетекшілік етеді. Бұл кезде ол кісі өмірде жоқ. Сұхбатты ғалымның зайыбы, экспедиция құрамының мүшесі Марал Хабдуллина берген. Марал Ғалымжанқызы сұхбат барысында қазба жұмыстары туралы сөз қозғай келіп, ежелгі Бозоқ қаласының орнынан адамның сүйегі табылғанын айтады. Кейін оны олар Мәскеуге сараптамадан өткізуге жібереді. Ресей ғалымдары оның өмірден ерте озған жас әйел екенін анықтап, бассүйегінің мүсінін жасайды. Біздің археологтар мүрденің әйел екендігін алғашқыда өздері де топшылаған. Өйткені сүйектің оң жағынан төрт жүз, сол жағынан төрт жүз маржан тастар шығады. Және кездік табылған. Сұхбатта осының барлығы айтылады.
Кейін Маралмен жүздесіп, археологиялық қазба жұмыстармен жақынырақ таныстым. Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіндегі Кемел Ақышев атындағы археологиялық орталықта сақталған сол жәдігерлерді барып көрдім. Мүсін кекселеу әйелдің кескінін көрсетеді. Маржан тастар да он ғасыр қараңғы көрде жатып солған. Сол кезде маған «бұл ару неден қайтыс болды екен?» деген ой туды. Тарихтан бұл өңірде соншалықты соғыс болмағандығын білеміз. Бізде көнеден келе жатқан «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» лиро-эпостық жыры бар. Маған бұл қыз бала Баян сұлу секілді махаббаттың құрбаны болған шығар деген ой келді. Содан бастап, осы арудың тағдыры маған тыным бермеді. Әр кезде шығарманы бастап қойып, қайтадан жазуға беттей алмай жүрдім. Бозоқ аруы жайында басылымдарда түрлі мағлұматтар жазылып жатты. Ақыры, шығарманы өткен жылы аяқтадым. Хикаятқа сол дәуірдегі оқиғаны қамтыдым. Бұл қыз баланың әруағы өте күшті. Бозоқ қаласының табылуы да соның әсері болды деп ойлаймын. Аудармашы Аслан Жақсылықов орысшаға аударып, «Простор» журналына жариялады. Бұл хикаят түрікшеге де тәржімаланды. Қысқасы, шығарма оқырмандар жүрегінен жол тауып жатыр.
– Бас кейіпкерді Бану Шешек деп атапсыз…
– Иә, ертеде халқымызда Ай Шешек деген есімдер болған. Ескі оғыз тілінде шешек сөзі «гүл» деген мағына білдіреді. Бүгінге дейін түріктерде шешек сөзі бар, бізде бұл бәйшешек деген сөзде сақталған. Қазір Ай Шешек дегеніміз – Айгүл, Бану Шешек дегеніміз – Гүлбану аталады. Бану Шешектің жігіті – Қан Төре қыпшақтан тарайды, өзі әйдік ұста болған. Көнеден бұл жерге қыпшақтар қоныстанған. Бозоқ алғашында кент болып, кейін қалаға айналды.
– «Ұлы дала арулары» жобасы аясында «Сүйінбике» атты кітабыңыз жарық көрді. Осы жинаққа «Сүзгенің соңғы күндері» деген хикаятыңыз кірген. Астанадан Сүйінбикеге көше беруге мұрындық болдыңыз. Енді тарихтың тасасында қалған қандай ару туралы жазсам деп ойлап жүрсіз?
– Бұл жобаның алғашқы кітабы – «Сүйінбике», екінші жинағы – «Бозоқ аруы» деп аталды. Біз өзімізді осыншама ұлан-ғайыр жерді алып қалған батырлардың еліміз деп айтамыз. Ал сол ержүрек, қайсар бабаларымызды өмірге әкеліп, тәрбиелеген олардың – аналары. Қазақтың әрбір руының басында тұрған аналар бар. Сондықтан «Ұрпағына ұран болған аналар» деген атпен үшінші кітапты қолға алып, соған материалдар жинақтап, авторлар тартып жатырмыз. «Бозоқ аруы» жинағына да аты аңызға айналған біраз аналар енді. Шын мәнінде, шешелеріміз ұлтымыздың сақталып қалуына үлкен үлес қосты.
Сүйінбике ханым – XIV ғасырдағы Алтын орданың ықпалды тұлғаларының бірі, ерен батыр Едіге бидің тікелей ұрпағы Жүсіп бидің қызы. 1533 жылы он жетіге толған Сүйінбикені әкесі Қазан ханы Жанәліге ұзатады. Бірақ Жанәлі хандықтағы билік үшін талас-тартыста мерт болады. 1535 жылы қазандықтар Жанәлі ханның жиені, Қырым ханзадасы Сапагерейді жаңадан хан сайлайды. Сол кездегі дәстүрге сай әмеңгерлік жолмен Сүйінбике Сапагерей ханға тұрмысқа шығады.
Осы кезде елден тыныштық кете бастайды. Бұрындары Алтын орда мемлекетіне кіріптар болып, алым-салық төлеп келген Мәскеу княздігі күшіне еніп, отарлық саясатын Қазан хандығын талқандаудан бастайды. 1549 жылы Иван Грозный Қазан хандығына жорық жасап, сол қырғында Сапагерей хан қаза болады. Үш-төрт жасар ұлымен жесір қалған Сүйінбике билікті өз қолына алып, Қазан хандығының азаттығы үшін жан аямай күреседі. Бірақ хандықтың ішінен шыққан сатқындар патшайымды ұстап береді. Ресей билеушісі оны тұтқындап, Мәскеуге жөнелтеді. Баласы Өтемісгерейді анасынан айырып, христиан дінін қабылдатып, «Александр» деген ат береді. Оған осындай ауыр азапты көрсетеді. Ақыры, Иван Грозный қуыршақ хан Шах-Әліге Сүйінбикені күндікке беріп жібереді. Бұл қорлыққа қорланған Сүйінбике мешіт мұнарасынан өзін-өзі өлімге қияды.
– Сүйінбикенің өмірін зерттеп, сонау Татарстанға бардыңыз. Ол жақта ержүрек патшайымның ерлігі дәріптеле ме?
– Татарстанда Сүйінбике атына сақтықпен қарайды. Оның атында бірде бір көше немесе мектеп жоқ. Бес жүз жылдығы да аталмады. Татарстан Ресей Федерациясының құрамында болғандықтан батыл насихаттай алмайды.
Сүйінбике – отаршылдыққа қарсы шығып, күрескен алғашқы мұсылман әйел. Қандай құрметке болса да лайық. Бұл турасында Татар әйелдері батылдық танытып, 1991 жылдан кейін республикалық «Азат қатын» деген әйелдер журналының атын «Сүйінбике» деп өзгертіп алған.
Шындығын айтқанда, осы басылым бір зерттеу институтының жұмысын істеп отыр. Сүйінбикенің бәйіттері осында жинақталған. Сүйінбике жайындағы өлең, әңгіме, зерттеулер де осында сақталады. Біз осы редакцияға барғанда журнал тағайындаған ерекше сыйкәдені көрдік. Қоғамдық еңбекте жоғары нәтижеге жеткен Татарстанның қыз-келіншектеріне арналған марапат бар екен. Ол – Сүйінбикенің кескіні бедерленген таза күміс білезік. Бұл білезік жылына бір-ақ рет үздіктердің үздігіне беріледі.
Біздің ағайындарда Сүйінбике туралы жете біле қоймайды. Астанадан оның есімін бір көшеге беруді сұрағанымызда ономастика комиссиясының мүшесі болған ағаларымыз «бұл кісі татар» деген көзқарас танытты. Осыған менің намысым келді. Енді осы Сүйінбике жайында көркем хикаят жазсам деп ойланып жүрмін.
ДҮНИЕДЕГІ ЕҢ ҚЫМБАТ НӘРСЕ – АЙНАЛАҢНЫҢ ТОЛЫҚ БОЛҒАНЫ
– Біраз жылдар «Қазақстан әйелдері» журналында қызмет істедіңіз. Сол кезеңде басылымда қыз-келіншектердің, жалпы, әйел затының тағдыры мен тәрбиесі туралы көп жазылды. Сондағы түсінікпен бүгінгі тәрбие арасында айырмашылық бар ма?
– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары журналымыз республикаға 490 мың данамен тарады. Келесі жылы 500 мың боламыз дегенде уақыт өзгеріп, нарықтық қатынас келді. Журналдың әр нөмірі жарық көрген сайын оқырмандардан хаттар қарша жауатын. Оқырмандармыз белсенді еді. Сол уақытта әйел адамның еңбектегі жетістігі көп мақталды. Ол партия қойып отырған талап болатын.
Шындығында, кеңес өкіметі әйелдерге теңдік берді, дегенмен, оларды жұмыс күші ретінде пайдаланды. Өндіріске барғанда біз әйел азаматшаларға жасалған әлеуметтік көмекке назар аудардық. Мен еліміздегі Оралдың ет комбинатында, Қызылорда мен Жамбыл облысындағы аяқ-киім фабрикасында, тағы басқа өндіріс орындарында болып, сондағы ең төменгі, былғаныш жұмысты әйелдер істеп жүргенін көріп, жүрегім ауыратын. Әйелдердің құқығы мен жағдайы сақтала бермеді. Олар ерлермен бірге ауыр еңбекті атқарды. Қалада тұратын келіншектердің қызметтен қолы тие бермегендіктен, олардың балаларын көше тәрбиеледі. Біз осыларды барынша ашып жаздық.
Қазіргі уақыт басқа. Бүгінде ғаламды билеп алған интернет, ұялы телефонмен келіп жатқан түрлі ақпарат балалар санасына қатты әсер етуде. Жас жеткіншектер бұрынғы, біздің балалар көріп өскен мультфильмдерді көрмейді, оларға қызықсыз. Содан-ақ, олардың психологиясының өзгергендігін байқайсыз. Балаларды осыдан қалай алып шығамыз? Бұрынғы ата-әжелеріміз берген қазақы тәрбие қолдан кетіп қалды. Енді ол қайтып келмейді-ау деп қорқамын. Сондықтан сөз ұғатын, жетекке жүретін жас ұрпаққа байырғыдан келе жатқан обал мен сауапты ұғындырып, ненің обал, ненің сауапты, иманды екендігін үйреткен жөн. Осыны білген бала жақсы азамат болып өседі-ау деп ойлаймын. Осы екі ұғым біздің тәрбиеміздің өзегі болу керек.
– Астанаға алғашқы көшпен келген зиялы қауымның бірісіз. Міне, содан бері доптай домалап жиырма бір жыл сырғып өтті. Қазір бас шаһарда зиялы орта қалыптасты деп ойлайсыз ба?
– Мен елордаға 1998 жылы келдім. Алғашында көшеден бір алматылықты көріп қалсақ туғанымызды көргендей қуанатынбыз. Одан бері де біраз жылдар жөңкіліп көшті. Қазір бас қаламыз әсем шаһарға айналды. Елордалық зиялылардың бір шоғыры Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінде топтасқан. Онда елімізге ғана емес, шетелге де есімдері мәлім білікті ғалымдар жұмыс істейді. Астаналық ақын-жазушылардың қатары да бір қауым елге айналды. Қазір қаламгерлердің бас қосатын жері – Ұлттық академиялық кітапхана. Бұрын зиялы қауым өкілдері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз басқарған Президенттік Мәдениет орталығында жиналатын. Мен сонда өткен әдеби кештерден қалып көрген емеспін. Жылылық пен жақсылықты сол орталықтан табатын едік. Қазір Тілеп қобыз сарайында да әдеби шаралар өтіп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, Астанада зиялы орта қалыптасты деп айта аламын.
– Көпшіліктің арасынан көріне бермейсіз. Қоғамда талқыланып жатқан кейбір мәселелерге де үн қата қоймайсыз. Табиғатыңыз сондай ма, әлде алға өрекпелеуді ұнатпайсыз ба?
– Табиғатымнан жеке отырып, оңаша жұмыс істегенді жақсы көремін. Кейбір адамдар жаратылысынан белсенді, көпшіліктің алдында суырылып сөйлегенді ұнатады. Мен ондай жан емеспін, пікірімді ашық айта бермеймін, жарнамаға да құштарлығым жоқ. Жуырда «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбайдың сұхбатын оқыдым. Сонда оның бір сөзі көңілімнен шықты. «Қазір орта деңгейдегі таланттар көбейді. Олар танымалдыққа жұмыс істеп, жұршылыққа арнап кеш, кездесулер өткізеді. Сөйтіп, бар энергиясын соған жұмсайды. Ал өз талантымен жүргендер ондайға ұмтылмайды. Танымалдылығы оған шығармашылығы арқылы келеді» деп айтыпты. Расында, тап бүгін өз-өзін насихаттап жүргендер көп.
– Дүниедегі ең қымбат нәрсе не деп ойлайсыз?
– Тірлікте бала үшін ата-ананың орны бөлек. Өйткені әке-шешеңіз белгілі бір жасқа дейін жаныңызда жүріп, кейін одан көз жазып қаласыз. Өмірден өткендер қайтып оралмайды. Содан олардың дидарын бір көруді аңсайсыз. Қазақ «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсіз» деп бекер айтпаған. Біз жас кезімізде әке-шешеміздің айтқандарын түсіндік пе, түсінбедік пе, білмейміз. Шын мәнінде, солардың бойында баға жетпес құндылық бар еді.
Өмір ағысы тоқтамайды. Сағаттың жақын достары Баққожа Мұқай мен Әшірбек Сығай да арамыздан кетіп қалды. Жалындаған жастық шақты бірге өткізіп, сол күндерден ажырамай келе жатқан достарды жоғалту да – ең қиын нәрсе. Баққожа мен Әшірбектің Сәкең қайтқаннан кейін бізге қамқор болып жұбатқаны, жұбатып отырып ширатқаны ойымнан кетпейді. Бүгінде солардың өзі «келместің кемесіне» мініп кеткені – өкініш. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – айналаңның толық болғаны, ең қиын нәрсе – аяулы да қымбат адамыңды жоғалту.
– Әңгімеңізге рақмет!
Cұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ
astana-akshamy.kz