Шәрбану Бейсенова: "Киім сыртынан емес, ішінен тозады" Он жеті жасында университет табылдырығын аттаған бойжеткеннің бала қиялы шартараптың қай қиырында жүрді екен?.. Ендігі жеткен жасында – аяулы жар, ардақты ана, асыл әже болған кезде сонау алыста қалған күндер еміс-еміс еске түскенде бойын нендей сезім билейді? Жазушының жеке өмірінен оқшау қаламгерлік жолы туралы әңгімеміз өз қолтаңбасы туралы болған. «Шығармашылық иесінің бақыты тақырыбын табумен байланысты», дейтін. Шәрбану Бейсенованың тақырыбы – ұлы дала арулары.
– Сіздің кейіпкерлеріңіз – тарихи тұлғалар, арулар. Сүйінбике, Сүзге, кеңестік дәуірдегі қазақ әйелдері. – Өткен тарихтың бетінде қалған қазақ аруларын бері әкелсем, перизаттардың рухани келбетін жасасам деп ойладым. Солардың мөлдір сезімін, қуаныштарын неге қуанды, неге қайғырды деген сұрақтарға көркем бейнелері арқылы ғана жауап табылатындай көрінді. Сүйінбике туралы деректі шығарма жаздым. Ал оның жан толғанысы жоқтауларынан көрінеді. Енді ол туралы көркем шығарма жазсам деймін. Ал Сүзге туралы бұрын да көп жазылған. Орыстың Ершов деген ақыны, «Сұңқартай – Тұлпартай» деген ертегінің авторы да жазыпты. Бұл Павлодардың ар жағындағы Тобыл мен Түменнің қиылысында болған оқиға ғой. Сол жердегі Сібірдің жазушылары да, қазақ ақындары да қалам тартыпты. Олардың бәрінде тек сыртқы келбеті жасалған. Бірақ оның ішіне еніп, Сүзгенің жан бейнесі жазылмаған еді. Жап-жас кезінде өзін өлімге қиған. Ал Сүзгені соған жетелеген нендей күш еді? Адам тегіннен-тегін өле салмайды. Оның үлкен әлеуметтік-психологиялық, саяси себептері бар. Мен Сүзгені осы жағынан алдым. Жастай Көшім ханға жар болған. Көшімнің өзі өте қарама-қайшылықты тұлға. Ол туралы бізде әлі ешкім қалам тарта қойған жоқ. Негізі сол замандағы Көшім хандығына қараған қазіргі Солтүстік Қазақстан, Омбы аймағы. Орыстар осы хандықты жаулау үшін бекіністерін сала бастаған. Орталығы болған Ескер қаласына Жармақ шабуыл жасап, хан ордасы Новосібірге қарай шегіне береді. Сүзге өзінің алдында алған Көшімнің алты әйелінен бөлек отырған. Сондықтан соғыс кезінде Ескерде қалып қойған. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романының оқиғасы да тура сол жерде өткен еді. Оразмұхамед жас келіншегі Ай-Шешек бегіммен әлгі елге қыдырып барған. Ол сол жерде аңшылықта орыстардың қолына түскен. Жармақтың әскері тұтқынға алып, Ай-Шешек бегімді қорлаған, содан жынданып кетпей ме?! Ал Сүзгенің ол трагедиядан аман қалғаны – өзіне-өзі қол жұмсап, жанын өлімге қиғаны.
Көшім хан егде адам болған. Орыс тарихшылары Көшім хан туралы жазғанда, біраз күмәнді деректер айтады. Құл-мұхамед – Көшім ханның немере інісі. Оны халық батырлығы үшін «қара семсер» деп атаған. Сол баһадүр Сүзгеге көз тоқтатып қарайды. Бүкіл орда байқап қалып, содан Сүзге жырақ отыруды қалайды. Орыстар «Қарагөз ару Сүзге» атты поэмада Құлмұхамедпен бірігіп, хандықты тартып алмақ болған деген пиғылда жазады. Бұл шындыққа жанаспайды. Олардікі Жармаққа кінә жақындатпау. Сүзге өлсе, өздерінің тай-таластарынан өлген дегенге келтіру. Мен соны ашып жазуға тырыстым.
– Ұлы дала аруларының тағдырын зерттеп, көркем бейнесін жасаудағы мақсат біздің тарихымызда осындай аналар, арулар өткен дегенді айту ғана ма? Әлде одан да басқа жазушылық мұраттар болды ма?– Біріншіден, оқырманға осындай әйел-аналардың өткенін айтып, батырлықтан гөрі адамның намысын, өзін қорғай алмай жатқанда баратын батыл әрекетін, сезімдерінің тұрақтылығын үлгі еткім келді. Сүйінбике екінші ері Сапагерей екеуі өте жақсы жұп болады. Хандықтың ісіне араласып отырады, Сапагерей қайтыс болғанда баласы хан тағына кәмелетке келгенде отыратын болғандықтан, Қазанның хандығына уақытша отырған. Сол Сүйінбике де намыстың отына күйген. Қазақ әйелінің бойындағы намыс, ерлік деген ұғымдардың өміріне салт сияқты болғанын айту мақсат еді. Ерлік деген тек ел басқару емес. Әйелдік намысын қорғауы, арын сақтауы да – ерлік.
– Сүйінбикені көркем шығарма ретінде жазамын дейсіз. «Сүзгенің соңғы күндері» бірден көркем шығарма боп өмірге келді ме, әлде деректі зерттеу болды ма?– Мұрат Әбдіров деген тарихшы Сүзге туралы материалды «Қазақстан әйелдері» журналына әкелген. Тоқсаныншы жылдары тың тақырыптар «Азаттықтың алғашқы құрбандары» деген айдар арқылы беріліп отырған еді. Сүйінбикені бір әдебиетші мақала ретінде берді. Содан бастап осы тақырыптарда іздене бастадым. Астанаға көшіп келгенде, облыстық кітапханаға бардым. Ол өте бай екен. Министрліктегі бір жігіттің келіншегі кітапханада істеуші еді. Содан: «Жармаққа байланысты кітап болса берші», деп сұрадым. «Ресейдің Сібірді жаулауы» деген тарихи очерк түріндегі кітапты тауып берді. Сонда Жармақтың әскері туралы барлық дерек бар екен. Көшімді Новосібірге дейін қуғанда хан бір баласымен қоршаудан шығып, құтылған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Құлмұхамед те, Оразмұхамед те орыс елінде патша қызметінде бірге болған. Бірақ бас бостандықтары болмай, еріктерінен тыс қызмет еткен. Кейін Касимов шаһарында тұрған. Көшім ханның Мөлдір деген қызының, тағы басқа отбасы мүшелерінің де қабірі сол өңірде. Көшім ханның ұрпақтарының ішінде христиан дініне күшпен қабылдағандары болған. Ғұмырының соңына дейін мұсылман дінінде болып, мұсылман зиратында жерленгендері де бар.
Сүзге туралы әуелі мақала жазып, кейін көркем шығармаға айналдырдым.
– Көркем проза мен деректі проза жазғанда жанрлық ерекшеліктерді қалай сезінесіз? Екі жанр екі түрлі дайындықты қажет етпей ме? – Менің қолыма тек дерек түсті. Ал оған өмірбаян беріп, сол өткен уақытты жазуға тек қана көркем шығарманың мүмкіндігі бар. Екі жанрға ортақ нәрсе – ізденіс. Деректі шығарма үшін тапқан фактілер құнды. Ал көркем дүниеге сол фактілеріңнің әсері маңызды.
– «Бір махаббат баяны» деректі, көркем де сипаты бар шығарма. Мархума апай мен Мұхамеджан Қаратаевтың бастан кешкен оқиғасы. Өз аузынан естіп жаздыңыз ба?– Мұхамеджан Қаратаев ағайды отбасымызбен қатты сыйладық. Сәкең (Сағат Әшімбаев – автор) өзіне ұстаз тұтты. Біздің үйде қонақта болған. Ағай өзі келіп, бәйбішесі ауырып келе алмады. Менің жерлес апаларым бұл кісілермен құдандалы еді. Мархума апайды қатал адам ретінде айтатын. Бірде «Қазақстан әйелдеріне» Жәмилә деген келіншек келді. «Менің енеммен әңгімелесіңіздер», депті. Алдымен редакторға кірген екен, маған жіберіпті. Біз ене мен келіннің бір-бірін жамандап жүргені туралы көп жазамыз ғой. Бұндағы әңгіменің сыры мүлде басқа екенін сездім. Жәмиләмен сөйлесіп едім: «Ертең түске келіңіз», деді. Бардым. Апай қатты науқас екен. Бір күн жанында отырып, әңгімесін тыңдадым. Жәмилә: «Бұл кісінің айтқан әңгімесін ауырмай тұрғанда Шериаздан Елеукенов жазып алған. Сол кісіде касетасы болуы керек», деді. Бірақ мен оны сұрағаным жоқ. Екінші рет тағы барып, әңгімелестім. Сонда Мархума апай қосымша екі кісінің атын айтты. Біреуі Хамза Есенжановтың әйелі София апай, екіншісі Өтебай Тұрманжановтың жары Майнұр апай. Екеуі де Сібірге ерлерінің артынан барған. Біз сол кезде мұндай оқиғаларды білмеппіз. Мен бұл әңгімені «Ғажайып бақыт жұлдызы» деген атпен очерк нұсқасын жаздым. Кейін қиын-қиын жағдайлар болды. Мұхамеджан Қаратаевты кінәлайтын адамдар шықты. Сондай жерлерде де қатты қиналасың. 30-жылдардың ортасында Ленинградтан оқу бітіріп келгенде, Кеңес өкіметі Жазушылар одағына хатшы етіп отырғызған. Сол кісінің қолымен барлық істерін жүзеге асырған ғой. Ағайды пайдаланып болып, артынан өзін де екі рет Сібірге айдаған. Итжеккенге жібергенде Мархума апай үш баласын енесіне тастап, ерінің соңынан көшіп кеткен. Кейін кенже баласын апарып, ол баласы жерсінбей, көп мехнат көрген. Қарап отырсақ, өзі еті тірі болған адам. Бар оқыған оқуы сауат ашу курсы – ликбез ғана. Ленинградта тұрғанда орысша үйреніп, сол орысшасымен Сібірге кетіп отырған. Онда барғанда сарымсақ еккен. Сібірдің цинга деген ауруы болады екен. Өйткені онда күн жоқ қой. Биік ағаштар, тұман, күннің сәулесі жерге түспейді. Бара салып ешкі, сосын сиыр ұстаған. Қаз өсірген. Қаздың майы қатпайды екен. Күйеуі ағаш кесуге кеткенде, қаздың майымен беті-қолын сылап жіберіп отырған. Үсік шалмасын деп. Күйеуін солай бағып күткен. Ауыртпай елге аман-сау оралтқан.
– «Зағипа» деген кейіпкеріңіз де қажырлы, отбасын сақтауға талпынған аяулы адам. Күйеуі ішкіш болса да, атасын құрметтеп, отбасын сақтап қалады. Бұл үлкен адамгершілік қасиет қой. – Ол – қазақ әйелінің бойындағы қасиеттер. Мұндай құндылықтар қазақ қызының бойынан жоғалмауы тиіс. Мархума апайдың: «Киім сыртынан емес, ішінен тозады», деген сөзі бар. Әйел –киімнің іші. Ол сыртынан да мықты болуы керек, тозбауы тиіс.
– Қазіргі уақытта мұндай адамдарды жазу ұлттық қасиеттерді жоғалтпау ғой. Бүгін осындай мысалдарды (Зағипаларды) сирек көретініміз неліктен?
– Боданда қанша жыл болдық. Сол біздің ұлттық қасиеттерімізді жоғалтуымызға көп әсер етті. Әйел теңдігі деп біздің психологиямызды қатты бұзған. Қазір біз өзгеріске түскен әйелдерміз. «Қамсыздандыру агенті» деген әңгімемде Кеңес өкіметі әйелді жұмыс күші ретінде пайдаланғанын жаздым. Жұмыс-жұмыс деп, отбасын да құра алмай, соңында жалғыз қалған қанша қазақ қызы бар. Ал отбасылы әйелдердің өндірістегі жұмыстан қолдары босамай, балалары өз бетімен өсіп, ана тәрбиесін көрмеді. Ұлттың бір трагедиясы осы.
– Мағира Қожахметова, Сара Латиева үшеуіңіздің жарасымды, өзара сыйластыққа бай, түсінікке толы достықтарыңыз бар. Көбіне ер адамдардың арасындағы осынау ұлы сезім жиі айтылады. «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі, мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі», депті Абай. Осы жасқа келгенше сыйлас көңілдеріңіздің нәзік жібі үзілмей келе жатқанының сыры неде?– Біз отыз жігіттің ішінде үш қыз болдық. Үшеуміз үрпиіп, бір-бірімізге жақын отыратынбыз. Мен мектептен келдім, Сара Оралда екі жыл жұмыс істепті. Ол өмірге араласқан, піскен қыз еді. Маған қарағанда беттілеу, мінезді болды. Жігіттердің көбі жиырма бестен асқан, арасында Жарасқан Әбдірәшев, Айтқали Нұрғалиев, Сейсен Мұхтарұлы сияқты құрдастарымыз болды. Мағира сол кездегі қыздар институтынан ауысып келді. Біз бір-бірімізге қамқор болдық. Өйткені туыстың бәрі елде қалды. Сараның жақындары Алматыдан көп болатын. Қайрат Жұмағалиев – Сараның анасының оқушысы. Сол кісілер ағаларымыз сияқты болды. Бір демалыста ауырып, ауылға бара алмағанымда Мағираның анасы ауылдың дәмін салып жіберіпті. Еліне бара алмай қалды деп қатты уайымдапты. Бір-біріміздің әке-шешімізді көрдік. Осы бір таза кезімізде көңілімізге орныққан сезімдеріміз сол қалпы сақталып қалды.
– Сынды қалай қабылдайсыз?– Мен туралы жазған адамдар көп емес. Роза Мұқанова, Құлбек Ергөбек жазды. Серік Қирабаев «Бір махаббат баянын» қатты ұнатты. Өйткені ағай ол өмірді жақсы біледі ғой. Ал ең бірінші сыншым, Сағат ағаң еді. Жақсы десе, жариялап, ұнатпаса, қояр едім. Ол кісі өмірден озған соң, көп уақыт қолыма қалам ала алмадым. Кейін «Қарлыған піскен шақ», «Мизамшуақ» әңгімелерімді жаздым. Жүрексініп, қорқып. Бірақ оқырман жақсы қабылдады. Бұл туындыларым Сәкеңнің рухына бағышталған-ды.
– Қай уақытта жазғанды ұнатасыз?– Көбіне түнде жазамын. Бұл уақытта күндізгі қарбалас тіршілік тоқтап, тыныштық орнайды. Менің де көңілім қаламға жүгіреді.
– Қайталап оқитын шығармаларыңыз бар ма?– Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романының бірінші кітабын жиі қайталап оқимын.
– Әңгімеңізге рахмет.Әңгімелескен
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,«Егемен Қазақстан»